Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев – ғылым саңлағы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері

К.Ә.Сағадиев 1938 жылы 18 ақпанда Қостанай облысының Жангелді ауданының Ақкөл ауылында туған.

Аталмыш облыстың Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданының қазақ орта мектебін бітірді (1955ж.), С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Аль-Фараби атындағы Ұлттық университет) экономика факультетін бітірді (1960ж.), Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылық институтының аспирантурасында оқып, бітірді (1966ж.).

К.Ә.Сағадиев – экономика ғылымдарының докторы  (1977ж.), профессор  (1978ж.), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (1994 ж.), Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым мен техника қайраткері. 5 ірі жоғарғы оқу орындарына басшылық етті. 1982-1990 ж. Целиноград ауыл шаруашылық институтында (қазіргі Қазақ мемлекеттік аграрлық-техникалық университет), 1992-1994 ж. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде, 1996-2001 ж. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде, 2001-2004ж., 2017ж. бастап – Халықаралық бизнес университетінің  Құрметті Президенті, 2012ж. –қазіргі уақытта – Халықаралық ақпараттық технологиялар университінде Президент қызметін атқаруда. Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы (1990-1992ж.) және президентіне сайланды (1994-1996ж.). Қазақстан Республикасының Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттігінің директорлар кеңесінің Төрағасы (2012-2014ж.).

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші (2004-2007ж.) және төртінші (2007-2011ж.) шақырылымының депутаты болып сайланды және де Мәжілістің Қаржы және Бюджет Комитетінің төрағасы болды.

Академик К. Ә.Сағадиев өзінің ғылыми мектебін жасады, 250-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы. Оның баспасөз бетіндегі мақалалары оқырмандарға кеңінен таныс.

Ғалым-экономист ретінде академик К. Ә.Сағадиевті, оның ғылыми еңбектерін шет ел ғалымдары біледі. Нью-Йорк академиясының мүшесі, Америка ғалым-экономистер ассоциациясының мүшесі (1996ж.), Пәкістан Ғылым академиясының академигі (1997ж.), Халықаралық Жоғарғы мектеп академиясының академигі (1997ж.).

Академик К.Ә.Сағадиевтің еңбегін мемлекет, қоғам жоғары бағалады. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Парасат, ІІ дәрежелі Барыс, Отан ордендерінің иегері.

2012 жылдан бастап академик К. Ә.Сағадиев Халықаралық Бизес университетінің және де Халықаралық ақпарат технологиялары университетінің Президенті. Нұр Отан партиясының мүшесі ретінде оның қоғамдық акцияларына белсене қатысады.

Жұбайы – Кишкенова Нағытай Әбітайқызы, ұлдары: Нұрлан, Ерлан, Ербол, 10 немересі және 1 шөбере бар.